40 мыңнан астам әскери қызметші тұрғын үй төлемімен қамтылған

31 Қаңтар 2019, 17:18
3198
Бөлісу:
40 мыңнан астам әскери қызметші тұрғын үй төлемімен қамтылған

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өткен жылы 40 мыңнан астам әскери қызметші тұрғын үй төлемімен қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлімдеді. 

«Әскери қызметшілердің өз әскери міндеттерін орындауы көп жағдайда олардың әлеуметтік қорғалу деңгейімен анықталады. Сондықтан, мемлекет әскери қызметшілер үшін жеңілдіктерді кепілдендіру жүйесін заңнамалық тұрғыдан бекіткен. Әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуындағы негізгі мәселе – ол, әрине, баспанамен қамтамасыз ету. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір баспанаға мұқтаж әскери қызметші үшін мемлекет екінші деңгейлі банктегі арнайы есепшотқа ай сайын тұрғын үй төлемдерін жасап отыр. Өткен жылы қарулы күштер саласындағы 40 мыңнан астам әскери қызметші дәл осындай тұрғын үй төлемімен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, 2 мыңға жуық әскери қызметші баспаналы болды», - деді Талғат Мұхтаров. 

Вице-министр елдегі әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес 2019 жылы тағы 4 мыңға жуық әскери баспаналы болатынын айтты. 

«Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасы бойынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметкерлердің түрлі санаттарына қызметтік жалақысы көтерілді. Қарулы күштер саласындағы барлық әскери қызметшілер тегін киім-кешекпен, тұрақты әскери дайындықты қамтамасыз ететін 33 әскери бөлім қызметкерлері тегін түскі аспен қамтамасыз етіледі, 60 мыңнан астам әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері әскери-медициналық емдеу орындарында амбулаториялық-стационарлық көмек алды», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Ақмарал Шағатай,

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Өзгелердің жаңалығы